"Дені сау ұлт" ұлттық жобасы. Денсаулық сақтаудың даму көкжиегі


 

"Дені сау ұлт" ұлттық жобасы - бұл Қазақстан Республикасындағы Денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасының заңды жалғасы. Бұл жоба 2025 жылға дейінгі іске асырылуы тиіс шаралар мен көзделген нақты міндеттерді қамтиды.

 

Еліміздің денсаулық сақтау саласын ілгері дамытуға бағытталған Ұлттық жоба 2021 жылдың 12 қазанында Үкімет қаулысымен қолға алынған болатын. Сол сәттен бері ол отандық денсаулық сақтауды дамытудың нақты шешімдерін қабылдап, бірқатар игі шараларды іске асыруға мұрындық болып отыр. Ал, Қаулы құжатында "Әрбір азаматты қолжетімді әрі сапалы денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету" бұл жобаның басты мақсаты екені көрсетілген. 

 

Осы мақсатқа сәйкес жоба 4 негізгі бағытта іске асырылып келеді.

 

Бірінші бағыттағы жұмыстар медициналық көмектің сапасын арттырып, барынша қолжетімді етуді көздейді.

Екінші бағыттағы шаралар эпидемиологиялық болжау мен әрекет етудің заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Үшінтші бағыт отандық фармацевтикалық саланы дамытуға арнады.

Төртінші бағыт саламатты өмір салтын ұстанатын халық үлесін арттырып, жаппай спортты дамытуды мақсат тұтады. 

 

Сонымен қатар, Ұлттық жобаның 5 негізгі көрсеткіші бар. Атап айтсақ:

- туғандағы күтілетін өмір жас ұзақтығы;

- сәбилердің шетінеуі;

- аналардың өлімі;

- халықтың медициналық мекемелер көрсететін медициналық қызмет сапасы және қолжетімділігімен қанағаттану деңгейі;

- денсаулық сақтаудағы негізгі инвестициялық капитал.

 

Аталған көрсеткіштер бойынша жоба 2025 жылға дейін туғандағы орташа өмір жас ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізуді, сәби шетінеу көрсеткішін 7,2 % дейін кемітуді, халықтың медициналық қызметпен қанағаттану деңгейін 80 % дейін арттыруды стратегиялық көрсеткіш ретінде алып отыр. Сонымен қатар босанған әр 100 000 ананың ішінде өлім фактісін 10-ға дейін кеміту жоба мақсатына айналды.